Жаңалық - Компания жаңалықтары
новость от 18.10.2020
Монополияға қарсы комитет пресс-тур ұйымдастырды
Шымкентте сумен жабдықтау және су бұру саласындағы табиғи монополия субъектісі болып табылатын «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ң нысандары бойынша баспасөз туры өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өткізді. Бұл жолы ол Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ТМРК) төрағасы Асан Дарбаевтың қатысуымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ, пресс-турға депутаттар, қоғам өкілдері мен журналистер қатысты.
Ең алдымен пресс-турға қатысушыларға кәсіпорынның орталық диспетчерлік қызметі таныстырылды. Бұл сумен жабдықтау желісіне түсетін судың мөлшері, құбырлардағы қысым, резервуарларды толтыру, жөндеу бригадаларының қозғалысы және төтенше жағдайлар туралы мәліметтер жиналатын көп функционалды штаб орталығы. Барлық деректер цифрланған.
Қазанғап батыр көшесінде сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру жұмыстары көрсетілді. Көлденең бағытталған бұрғылау қондырғысы арқылы 50 жыл қызмет еткен 500 мм металл құбырлары ауыстырылуда. Құбырлар толық тозған, бұл жерде үлкен апаттар орын алып, соның салдарынан судың ауқымды көлемде тоқтатылуына алып келген.
«Компания озық технологияларды кеңінен қолдануда. Электр және шығын материалдарын тұтынуда үнемдеу, тозу мен ысыраптың азаюы байқалады. Мұның барлығы тұтастай алғанда оң нәтиже береді: үздіксіз сумен жабдықтау қамтамасыз етіледі, тұтынушы сапалы қызмет көрсетуде кез-келген заң бұзушылықтың салдарын сезінбейді», - деді Ұлттық экономика министрлігінің ТМРК төрағасы Асан Дарбаев.
Баспасөз турына қатысушыларға көрсетілген тағы бір нысан – қалалық кәріздік тазарту қондырғылары. Бұл Орталық Азиядағы биогаз қондырғысы бар жалғыз, бірегей кешен, оның арқасында меншікті энергия шығындарының 50 пайызы жабылады. Тазарту қондырғыларының тәуліктік қуаттылығы 150 мың текше метр ағынды суларды өңдеуге арналған. Бірақ «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ң бас директорының айтуынша, бұл қуаттылық жақын арада жеткіліксіз болады.
«Тағы 20 мың үй кәріз желісіне қосылады деп күтілуде, бұл Самал 1,2,3 шағын аудандары. Жұмыс 90%-ға аяқталды, 2021 жылы бұл учаскелер кәрізге қосылады. Яғни, шамамен 100 мың адам кәріз жүйесіне қол жеткізеді. Бірақ тазарту құрылыстарының қазіргі қуаты қосымша көлемдерді қабылдауға мүмкіндік бермейді. Қажетті жаңғырту үшін бізге 3 миллиард теңге қажет. Қазір біз бұл мәселені әкімдікпен бірге шешіп жатырмыз», - деді журналистерге «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ң бас директоры Анарбек Орман.
Пресс-тур соңында қатысушылар зарарсыздандыру станциясы мен Ақбай-Қарасу су қабылдағышында болды. Олар суды тазарту және дезинфекциялау әдістерімен, ұңғымалар саны және өндіріс көлемімен таныстырылды. «Су шаруашылығы мекемесіндегі инвестициялық бағдарлама 5 миллиардқа есептелген, олар, негізінен, толықтай іске асады», - деді ТМРК төрағасы.
Баспасөз туры барысында кәсіпорын басшылары, депутаттар мен қоғам өкілдері табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысына тиісті министрлік басшылығының назарына ұсынылуы қажет өзекті мәселелерді көтерді.
барлық дауыс: 5076
дауыс мұрағаты