Жаңалық - Қазақстан жаңалықтары
новость от 04.06.2023
Құжаты жоқ құрылыс, су мәселесі. Смайылов қазақстандықтардың шағымына үн қатты
Премьер-министр Әлихан Смайылов қатысқан Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында 7 жыл ішінде 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салуды қамтамасыз ету шаралары қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкімет сайтына сілтеме жасап. Жұмыстарды уақтылы атқару үшін әкімдіктер нақты нысандар мен олардың орындалу мерзімдерін көрсете отырып, жол карталарын бекітті. Министрлік өз кезегінде әрбір пайдалануға берілетін нысанға ай сайын мониторинг жүргізеді. 4 айдың қорытындысы бойынша жалпы республикалық жоспарлы көрсеткіш 19 пайызға артығымен орындалды: жоспарланған 3,6 миллион шаршы метрдің орнына 4,3 миллион шаршы метр – 36,6 мың пәтер салынды.
Сонымен қатар, бүгінде республика бойынша үлестік қатысуы бар 44 проблемалық нысан бар. Министрлік үлестік құрылыс мәселелерін реттеу мақсатында ынталандырушы және қатаңдататын түзетулер пакетін дайындады. Үкімет басшысы мұндағы ең өзекті мәселенің бірі құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі екенін атап өтті. "Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурстары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәселесі қатты сезілуде. Осыған байланысты тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық әкімдіктер елді мекендердің перспективалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет", - деді Әлихан Смайылов. Ол көбінесе, жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде анықталатынын, сондықтан инфрақұрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек екенін атап өтті. Әлихан Смайылов сондай-ақ кейінгі уақытта халықтың тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бей-берекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағым түскенін айтты.
"Мәселен, Астанада "Будапешт" тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілер жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден астам дерегі анықталды", - деді Премьер-министр. Оның айтуынша, тағы бір өзекті проблеманың бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжаттарының болмауы. Алматыда салынып жатқан "Төле би Резиденс" тұрғын үй кешенінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ.
"Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған "Дублин" тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды. Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен де сабақ алуымыз керек. Құрылысты бақылау шараларын, әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейту мәселесі бірнеше рет көтерілді. Белгілі-бір шаралар қабылданды, алайда ол жеткіліксіз. Осы мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан Құрылыс кодексінде ескерілуі тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, ол тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды іске қосу бойынша осы жылға арналған барлық жоспарлардың толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп, жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескеру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-министр бір ай мерзімде кезекте тұрғандар үшін үй бөле отырып, кешенді құрылыс салуды қаржыландыру механизмін іске қосу бойынша шаралар қабылдауды, және 1 қыркүйекке дейін кезекте тұрғандардың тізімін белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан өзектендіруді тапсырды.
дауыс беруСумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне әр айдың 20-на дейін дұрыс төлеп тұрасыз ба?
Ия, әрдайым
40.8%
Жоқ, кейде тіпті ұмытып кетемін
20.5%
Жолым түскенде төлеймін
19.3%
Төлемегеніме көп уақыт болды
19.0%
барлық дауыс: 5117
дауыс мұрағаты