Жаңалық - Аймақ жаңалықтары
новость от 17.07.2023
Елді мекенді сумен қамтып отырған жалғыз мұнараның төбесі тесіліп, екі жылдан бері тоқтамастан су сорғалап тұр. Тиісінше, ауыл халқына берілетін судың қысымы да төмендеген. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша, Софиевкаға су тарту үшін былтыр жарты миллиард теңге бөлінген екен. Бірақ, бұл қаражат жетпейді деп, мердігер компания жұмысты бел ортасынан тастап кеткен. Жалпы, елімізде 1,5 мыңға жуық елді мекен таза ауызсудан тарығып отыр. Біздің шенеуніктер бұл ауылдарда адам саны аз, мүлдем қашықта жатыр деген сылтау айтудан жалыққан емес. Парадокс дейміз бе, басқасын айтпағанда Астанадан 15 шақырымдағы Софиевка ауылының тұрғындары да тіршілік нәрін қанып іше алмай отыр. Ауылдағы су мұнарасы 10 жылдан астам уақыт бұрын тұрғызылған. Бірақ тіршілік сумен қамтамасыз етіп отырған мұнараның қазіргі күйі кісі шошырлық. Бірнеше жылдан бері мына қырық жамау нысанның төбесінен су сорғалап тұр. Дауыл тұрса, мұнараның ескі-құсқы қаңылтырлары жан-жаққа ұшып, адамдардың өміріне қауіп төндіретіні тағы бар. Елді мекенде 3000-ға жуық халық бар. Былтыр бюджеттен қаражат қарастырылып, су тарту жұмыстары басталғанда мұндағы жұрттың еңсесі бір көтеріліп қалған еді. Бірақ тұрғындардың қуанышы әсте ұзаққа созылмады. Мердігер компания құбырларды жүргізіп бастап, қар түскенде тайып тұрған. Тұрғындар атқарылған жұмыстың сапасына көңіліміз толмайды деп отыр. Су тартылғанның өзінде, қыста қатып қалу қаупі жоғары. Ауыл әкімі де су тарту жұмыстары биыл аяқталуы керек болғанын растап отыр. Бірақ материалдар қымбаттап кеткендіктен, мердігер жұмысты бел ортасынан үзіп кете барды дейді. Белгілісі, жобаны аяқтауға қосымша қаражат әлі бөлінбеген. Айта кету керек, жоба «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 2019-2022 жылдары осы мақсатта Қазақстан ауылдарына 326 млрд теңге бағытталған еді. Софиевка ауылының әкімі Бекзат Сүгірәлиевтің айтуынша, бұл - облыстық бюджеттен, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы. «Ауыл ел есігі» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жоба. Жоба бойынша, жұмыстың құны - 500 млннан астам. Былтырғы жылы 250-млн-дай қаржы бөлінген. Биылғы жылы материалдардың қымбаттауына байланысты тағы да қосымша қаражат сұратып отыр. Әзірге жоба бойынша бюджеттен қосымша қаражат бөлінбей, іс өнбейтін түрі бар. Оған дейін Софиевка тұрғындары тесік мұнараның тілеуін тілегеннен басқа қолдан келер қайран жоқ.
дауыс беруБіздің сайт туралы кайдан білдіңіз?
Іздеу жүйелері
33.6%
Достарым, таныстарымның кеңесі бойынша
17.8%
есеп-хабарламадағы хабарламадан
17.9%
БАҚ
14.4%
Басқа
15.9%
барлық дауыс: 5678
дауыс мұрағаты