Жаңалық - Қазақстан жаңалықтары
новость от 05.08.2024
Алдағы 6 жылда елімізде су тасқынының алдын алуға көмектесетін 42 жаңа
гидрология бекеті салынады, деп хабарлайды 24kz. Синоптиктерге уақытылы әрі
дәлірек болжам жасауға көмектесетін гидронысандардың жетеуі Ақтөбе облысында,
Қостанай, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысының әрқайсысында алтауы
орналасады. Ал Батыс Қазақстан мен Ақмола өңірінде төртеуден, Абай жерінде жаңа
үш бекет бой көтереді. Атырау, Ұлытау мен Алматы облысындағы бекеттердің саны
да екеуге артады. Қазіргі уақытта өңірлерде бекет орналасатын аумақтар
анықталып, жобалау жұмысы жүріп жатыр. Су шаруашылығы саласының мамандары да
«гидронысандардың санын көбейту кезек күттірмейтін мәселе», дейді. Әмірхан
Кеншімов, гидротехник: - Жалпы орта және кіші өзендердің арнасында
гидробекеттер болуы керек. Олардың судың деңгейін, ағысын өлшеп отырады.
Осындай гидробекетттер бұрын бізде көп болған. Қазір 2 есе азайып кетті.
Солардың барлығын қайта қалпына келтіру керек. Бұрынғы норматив бойынша әрбір
30-40 шақырымға 1 гидробекет болу керек. Содан кейін үлкен өзенге кіші өзен
келіп құяды ғой, құйылған жерде пост болу қажет. Жұмыстарды істеп жатыр. Осыны
қайтадан қалпына келтірсе, біз оқиғаларды бақылауда ұстап отырамыз. Қазір ел
аумағында 377 гидробекет жұмыс істеп тұр. Әлі 500-ден астамына сұраныс бар.
Сондай-ақ ауа райы болжамы мен гидрологиялық деректің дәлдігін қамтамасыз ету
үшін қосымша 114 метеорология станциясы, 167 агрометеорология, 143 экология
бекетін ашу қажеттілігі туындап отыр.
барлық дауыс: 4998
дауыс мұрағаты