русский / қазақ
"Су ресурстары - Маркетинг" ЖШС-і
+7 (7252) 321-275Жедел желі+7 (7252) 321-274Диспетчерлік қызмет

Жаңалық - Мәңгі есте

новость от 28.04.2020

Ер есімі – ел есінде
2020 жыл. Жеңіс күнінің 75 көктемі. ҰОС жылдары майдан даласында қан кешкендерден бұл күндері аз қалды. Сұмдық болды ғой, сұмдық!-деп бастады Оңғар Орманов туралы сұрағанымызда қарт жауынгер Исмаил Қарабаев.
Қаншама жауынгер Мәскеу түбіндегі қанды қасаптың құрбандығына айналды. Ал, біразы адам қаны судай аққан Курск түбіндегі (Курск иініндегі шешуші шайқасты айтып отыр) майданда опат болды. Соғыстан елге тірі оралғандардың қалғаны соғыстың зардабынан ертерек қайтыс болды. Соның бірі - өзің сұрап отырған Оңғар туысқаным.
Оңғармен бір жағы туыс, бір жағы құрдас едім. Тойтөбедегі бастауыш мектепте бірге оқыдық. Майданға бірге аттандық. Тағдыр біздің маңдайымызға сол кездегі Отанымыздың жүрегі Мәскеуді қорғауға жазыпты. Мәскеуге жеткен соң 316-шы дивизияның құрамына қосылдық. Дивизия командирі атақты генерал Иван Панфилов. Өзі ірі тұлғалы, жүзінен иманы төгіліп тұрған орыс екен. Біз барғанда әлі немістер бұл жерге жақындай қоймаған. Волоколамск тас жолын бойлап, пәлен шақырымға созылатын шеп құрып, белуардан окоп қаза бастадық. Генерал И.Панфилов тынымсыз, әр окопты өзі тексеріп, кездескен әр солдатқа әкелік мейіріммен сөйлеп, жасқаншақ, бұйығылау жауынгерлерді жігерлендіріп жүретін өте тамаша әскери қолбасшы еді, жарықтық ...
Біз, Оңғар екеуміз, бір батальон, бір рота, бір взводқа түстік. Соғыс жағдайындағы әскери тәртіпке, қолымыздағы сапер күрегі мен бесатар мылтыққа да, бойымыз үйреніп қалды. Содан қазан айының аяғы, қарашаның басында немістің бомбалаушы самолеттері мен танкілері көріне бастады. Әуелі, қара жерді теңселткен дүбір, сонан соң айналаны азан -қазан қылған гүріл зәремізді зәр түбіне жіберді. Колхоздағы жалғыз трактордан басқа техника көрмеген қайран қазекеңдер, алғашында қисапсыз танкілер мен зеңбіректі көріп, абдырап қалды. Сонан не керек, ию да қию атыс, құлақ тұндырар жарылыс. Оқ тиіп өліп, жараланғандардың аза бойыңызды қаза қылар айқайы, жан алысып, жан беріскен қиянкескі ұрыс басталды да кетті. Бастапқыда мұндай жойқын соғысты көрмеген біздер сасқалақтап қалсақ та, екі - үш күнгі шайқастан соң оқ - дәрінің иісі бойымызға сіңіп, үйреніп те кеттік. Қарашаның 20-ларында генерал И.Панфилов опат болды деген қайғылы хабар майдан шебін аралап кете барды. Әкеміздей қамқор адамның өлімі бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Әлде тәжірибесіздіктен, әлде неміс- фашистердің қару-жарағының мықтылығынан болар, қатарымыз едәуір сиреп қалған. Қанды-көйлек жолдастарымыз үшін, аяулы генералымыз үшін жан аянбай шайқастық. Ызғары бет қаритын желтоқсан айы да жетті. «Русская зима» деп аталатын орыс қысы қаһарына мінген шақ. Екпіндері Сарқыраманың суындай болған Мәскеуді бір аптада басып алып, 7-ноябрьдегі әскери парадты Қызыл Алаңда өткіземіз деген немістердің маңдайы тасқа соғылып, мазасы қашты. Бұл кезде Баукеңнің, батыр Баукеңнің даңқы жер жарып тұрған кез.
1942 жылдың басталар кезі. Бұл кезде, Отан үшін опат болғандар шейіт болып, сарбаздар сұрыпталып, іріктеліп, кімнің қандай іске бейім екені анықталып қалған кез еді. Бір күні полк командирі Уральский (аты - жөнін ұмыттым) бәрімізді сапқа тұрғызып, «қайсысың мергенсіңдер, снайперлік курсқа жіберемін, үш қадам алға,» - деп бұйрық берді. Өздеріне сенімді сексен жігітпен бірге Оңғар да алға шықты. Сексеннің тең жартысын таңдап алды да (ішінде Оңғар да бар) снайперлік курсқа оқуға жіберді.
Көктем мезгілі. Жауды тоқтатып, бетін қайтарғанбыз. Енді тек немістер ғана емес, біз де ара - тұра шабуылға шығып тұрамыз. Фашистер біздің шабуылды күткендей қарсы алдымыздан «Огневая точкаларын» (ДОТ, ДЗОТ) самсата салып, бекіністі нығайтқан. Саңлақ снайпердің, атқан оғын тиіннің көзінен өткізетін мергендер осы жерде керек - ақ. Мергендер курсын бітіргеннен кейін аз уақыттан соң Оңғар полктің ғана емес, дивизияның мақтанышына айналды.
Осы сәтте Оңғар мерген іске кірісті. Ауылда шиті мылтықпен - ақ аң- құсты, соғыстың алғашқы кезеңінде бесатармен талай немісті жайратқан Оңғардың қолына оптикасы бар снайпер мылтығы тигесін немісті ондырсын ба? Арада шамалы уақыт өтті. Талай адамға ажал құштырып, өлім оғын сеуіп тұрған ДОТ - тың үні бір сәтте өшті...
Барлаушыларымыз фашистерден «тіл» әкеліп, неміс штабындағы аса құнды да құпия тапсырмаларды біліп отыратын. Бір күні Берлиннен «важная птица» аса маңызды неміс офицері ерекше тапсырмамен келіпті деген дерек түсті. Жоғары жақтан осы «құпия адамның» көзін қалайда жою туралы бұйрық берілді. Мұндай қиын да аса жауапты міндетті атқаратын кім? Әрине, Оңғар! Күзеті мықты, өзі өте сақ әрі әккі офицерді Оңғар мерген үш күн, үш түн тапжылмай отырып, жалғыз түйір қорғасынмен жанын жаһаннамға жіберді. Оның төзімділігіне қайран қалып, бірде өзінен сұрағаным бар. Сонда Оңғар:
- Кімде - кім ашу үстінде асығыс әрекет етсе, кейін сонысы үшін опық жейді. Адамға шыдамсыздық пен асығыстық ешқашан абырой әпермейді. Әрбір жан өзінің ақыл - парасатымен қатар, сезім дүниесін де еркін билеуі керек, яғни өзінің көңіл - күйінің қожасы болғаны жөн. Сондықтан әр кез, әр істе, байсалдық, сабырлық, ең бастысы батылдық керек, - деп еді.
1943 жылдың жазы. Фашистердің бұл кезде екпіні едәуір жүндері жығылған кезі. Мәскеу, Сталинград, Ленинград түбінде оңбай соққы алып, есеңгіреп қалған. Осы жылы Курск иінінде шешуші шайқас болды. Самолет, танкілердің саны он мыңдап саналса, екі жақтың әскері миллиондап есептелетін. Жеңістен - жеңіске жетіп келе жатқан Совет әскерінің рухы биіктеп тұрған. Дегенмен, әлем тарихына енген осынау шайқас, оңай болған жоқ. Сол шайқасқа қатынасқан техникаларды, миллиондаған адамдарды, тонналап жауған бомбаларды қара жер қақ айырылып кетпей қалай көтерді екен деп осы күндері қайран қалам. Екі айдай дүние асты үстіне шығып астан - кестең болып жатты. Біреуді біреу, біліп болмайды. Шешуші шайқаста Совет әскерлері теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Небір боздақтар, жалын атқан жастар сол от- жалында өртеніп кете барды.
... Шілденің соңына таман Оңғар ауыр жараланып госпиталға түсті деген хабар алдым. Командиріммен барып келуге рұқсат сұрадым. Іздеп барсам, оны менің алдымда ғана Мәскеуге алып кетіпті.
Тура жанынан жарылған снарядтың жарықшағы есіл ердің сол қолын жұлып кетіпті. Жолыға алмасам да, әйтеуір, аман - есен екенін біліп, көңілімді бір демдеп кері қайттым. Сонан ауылға оралғанша Оңғарды көргенім жоқ.
Келесі жылы мен де ауыр жараланып госпиталға түстім. Госпиталдан соң мені де ауылға қайтарды. Үйге келіп отырғаным сол еді қайдан естігенін білмеймін, қаракер атын қан сорпа ғып Оңғар да жетіпті. Құшақтасып көрісіп, мәре - сәре болдық та қалдық. Біраз отырған соң мектептегі жұмысына кетті. Кейін мен де сол мектепке мұғалім боп Оңғармен бірге қызмет еттік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Оңғар досқа адал, ағайынға жанашыр, жылағанды жұбатып, араздасқанды жарастырып жүретін дархан көңілді, кең пейілді жігіттің серісі еді...
Ендігі айтарым, соғыс болмасын, біз көргенді сендер көрмей - ақ қойыңдар. Ел тыныш болсын!

«Су ресурстары-Маркетинг»,
Қазақстан Республикасы,
160013, Шымкент қаласы,
Ғ.Орманов көшесі, 17
Хат жазу
Орталық диспетчерлік қызмет: 321-274, 323-574
Жедел желі: 321-275
Тұрғындардың су балансы инспекциясы: 321-180
Коммутатор: 321-247; 321-272 қосымша бөлімнің ішкі нөмірі
Факс: 322-544
Телефон коды: 8 (7252)
Қабылдау: 31-11-94, 32-60-09, 31-11-95
Facebook: Су ресурстары-Маркетинг
whatsapp: 8-708-110-21-21
Telegram чат бот: wrm_bot
жаңа технологиялар мен инвестициялар Жаңа технологиялар Инвестициялар Біздің техника
© Барлық құқықтары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не қарасты
Дизайн және әзірлеу ТОО "LiO Programs" 2023
    
жоғары